Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне 1 жылдан аса уақыт өтті. Өкінішке орай, бұл кезең еліміз үшін, азаматтар үшін күрделі уақытпен тұспа-тұс келді. Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласы корновирус пен пневмонияға қарсы күреске басымдық берді. Медицина ұйымдары провизорлық стационар ретінде қайта жасақталып, мыңдаған маман ауруханаларда тәулік бойы кезекшілікте тұрды. Жұқпалы вирусты емдеу мен алдын алу шараларын қаржыландыру міндеті Медициналық сақтандыру қорына жүктелген. - Коронавируспен күреске бөлінген облыс бойынша жалпы бюджет 9,039 млрд теңгені құрайды, оның ішінде ПТР – 2,025 млрд теңге қаралған. Жалпы қаңтар - маусым айына дейінгі медициналық қызметкерлерге, оның ішінде тәуекел топтары бойынша: 1 тәуекел тобы - 2 млрд 378,4 млн теңге (3 609 адам), бір қызметкерге орташа есеппен бір айдағы төлем 659 029 теңгені құрады; 2 тәуекел тобы – 2 млрд 517,5 млн теңге (10 106 адам), бір қызметкерге орташа есеппен бір айдағы төлем 249 109 теңгені құрады; 3 тәуекел тобы – 1 млрд 693,5 млн тенге (14 821 адам), бір қызметкерге орташа есеппен бір айдағы төлем 114 266,88 теңгені құрады. Жалпы, Түркістан облысы бойынша жалақыдан бөлек 28 536 медицина қызметкерлеріне 6 млрд 589,5 млн теңге үстеме ақы төленді – деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев. Өткен жылы Кентау қалалық орталық ауруханасында 150 төсектік провизорлық стационар және коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған 50 төсектік жұқпалы аурулар орталығы жұмыс жасады. Осы мерзімде провизорлық стационарда 1 246 науқас, инфекциялық госпитальда 367 науқас емделді. Ағымдағы жылдың 6 айында жұқпалы аурулар ауруханасында коронавируспен ауыратын 176 науқас емделіп ауруынан айығып шықты. Аурухана қажетті дәрі-дәрмектермен, құрал-жабдықтармен және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Меценат А.Бекеновтың демеушілігімен 60 млн. теңгеге оттегі станциясы салынды. Станцияның қуаттылығы күніне 240 оттегі баллоның дайындайды. Аурухананың барлық бөлімшелерінде, соның ішінде жұқпалы аурулар госпиталінде науқастың жататын орнына оттегі орталықтандырылған түрде жеткізіледі. Коронавирус қауіпті аурулар қатарына жататындықтан науқастың сақтандыру статусына қарамастан ТМККК және МӘМС пакеттерінің толық қызметімен қамтылған.