Медицина саласы аса күрделі салалардың бірі. Бұл саланы таңдаған әрбір жанның бойында төзім, жүрегінде мейірім деген ұлы қасиеттердің болғаны дұрыс. Адам жанының арашасына айналып, ауырып ем іздеп келген науқастың бойына сенім ұялатын дертіне дауа беретін дәрігерлер қауымы бүгінгі күннің батырлары десек артық айтқандық емес.
Кентауда31 жылдан бері талай жанның өміріне араша түсіп, талай көкірекке үміт отын жаққан ақ халатты абзал жан тұрады. Ол қаланың ғана емес, облыстың мақтанышына айналған Жәңгірхан Бимаханұлы бұл саланы таңдауының себебі бала кездік арманы екенін жеткізді. Әкесінің ұлына артқан аманатын орындап, медициналық факультетке тапсырған. Содан хирургия саласын жаны қалап таңдап, бүгінде сол салада тынбай еңбектеніп келеді. Отбасында 2 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әкенің аяулы жарыда медицина саласында қызмет етеді. Ұлдары мен келініде осы саланың тұтқасын ұстаған абзал жандар.
“Әр отаға кіріскен сайын сол науқасты аман алып қаламын деген нық сеніммен кіріп, өзім басқарып отырған ұжымның көмегімен талай адамның ауруынан құлан таза айығуына себепкер болдық. Отадан шыққаннан кейін науқаспен қатар уайымдап, ол жазылған соң алғысын айтқан кезде ерекше марқайып қаламын” - дейді дәрігер.
Мамандығына адал, өз саласының үздігі атануға тырысатын әрбір дәрігер қауымы үшін науқасының қуанышынан асқан бақыт жоқ. Ақ халатын кірлетпей, антына адал да батыр дәрігерлер бүгінде арамызда жетерлік. Бүкіл әлемді дүрліктірген короновирустық инфекциямен күрес жолында дәрігерлердің біздің өміріміздегі алар орнын айшықтап бергендей.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі